Қазақстан • 01 Маусым, 2018

Астана – елімнің  айбыны

819 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ халқы әу бастан ондаған тайпа-рулардан  құралғанымен, тілі, діні, рухани тұрмыстық байлықтары  жағынан біртұтас  халық. Неше бір қиын-қыстау кезеңдерде де, атап айтқанда, талай-талай аумалы-төкпелі сапырылыстарда, моңғол шапқыншылығы, орыс отарлауы, қалмақ-жоңғар қысымшылығы немесе  Қоқан  қандығының  боданына  түскен  кезде де Еділ мен Алтай  аралығын  мекендеген  ұлт пен ұлыстар ешқашан  қазақтығын  жоғалтқан  жоқ.

Астана – елімнің  айбыны

Қазақ халқы Ұлы, Орта, Кіші жүз болып географиялық-территориялық жағынан  бөлінгенімен, көршілес  империялар  осыны  пайдаланып, оларды  бір-біріне  қарама-қарсы қоюды  сан  мәрте  жоспарлағанымен,  олардың  жымысқы  саясатын  бірлікпен жеңіп отырды.       Бабалар  аманаты - бірлік еді. Бірлік  елім деген  тарланыңды  талауға  бермеуден  танылады. Бірлігі  мықты, санасы  сергек елut  сырттан келер  сергелдең  жоқ. Сол себепті, біздің  қазаққа  сананы серпу  үшін  бірлікті  ту, татулықты  тұғыр  ету - тура   жол. Әрине, рухы  күшті, болашаққа сенімі   кәміл  халық  қана  қандай  қиындыққа  шыдас  бере  алады.

Мүмкін  бұл арада  атадан балаға  жеткен  түрлі  аңыз-әңгімелердегі  қазақ  ханының  өзінің  30 ұлына  бір-бір  садақ  беріп, алдымен  бөлек-бөлек, жеке-жеке сындырып, кейін әлгі  40 жебені бірге  қосып, оны  сындыра  алмауы болашаққа қалдырған  үндеуі  іспеттес.

Мыңжылдықтарды  артқа тастап, қауымдастық пен мемлекеттік құрылымдардың сан  түрін алмастырып, әрқилы қоғамдық формациялардың қызығы  мен  шыжығын көріп, соқтықпалы соқтықсыз өмірдің  талай тар жол, тайғақ  кешуін бастан  өткерген біздің  ата-бабаларымыздың  да  ұлт  болып  ұйысқан  халықты уақыт  құрдымына  құлатпай, қадір-қасиетімен бүгінге  жеткізуі  сол  қажеттілік  талабын  орындай  алғандығынан деп  білемін.

Олай  болмағанда  бұл  күнде  қазақ  деген  ұлт  та, яғни біз  де  болмас  едік. Біздің  бар  болуымыз, нар  болуымыз сол  ата-бабаларымыздың  тұтастық  туын  жықпай, қазақтың  қалпына  қылау  түсірмей, ұлттық ұйытқының  қаймағын   бұзбай, заманнан  заманға, ұрпақтан  ұрпаққа жеткізуінің  арқасы.

Ата-баба жолын жалғастыру, аманатқа  адалдықты  сақтау - ел  боламын, жұрт  боламын  деген  ұрпақ  үшін  киелі  міндет, перзенттік  парыз. Ғасырлар  бойы Еуропа енді жеткен  демократияның  өзіндік  үлгісін сонау  дәуірлерде  заңдылық   ретінде  қабылдап, салып  кеткен  сара жолымен сайланып  отырған хандарымыздың басына  белгі  қоюға да  жарамай  отырғанымыз  қынжылтады. Тұтас қазақтың басын  қосқан 17 ханның тек  бесеуі  ғана  Түркістанда  жерленген, қалғанын  түгендеп  жатқан  жұмырбасты  пенде  жоқ. Созақта, Сынтаста, Сарайшықта  жерленген хандардың  ерлігі мен  даналығы  еш  дәріптелмейді. Дәріптелмек  тұрмақ, қоғам  деңгейінде нақты шынайы  бағасы да  берілмей  келе  жатқаны  жасырын  емес.

Ұлттық  руханиятымыздың  ол  кезде  тартқан  азаптары  шаш-етектен. Зиялыларды алауыздыққа  ұрындыру  арқылы  халықты  алауыздыққа  ұрындыруға  күш  салды. Мәскеуге жақпай  қалған  азаматқа  ұлтшыл, ауылдағы  жақпай  қалған азаматқа  рушыл деген  айдар  тағылды. Ресей  патшасы шетімізден жетім  лақтай  сирағымыздан  тартқылап, қайда  қаласа, солай  көгендеп, көзімізге көк  шыбынды  үймелетіп, жәукемдей  бастаған. Отарлау саясатында Ресей  империясы өзіне  ғана  тән  культурагерлік  ағартушылық  бағытты  идеологиялық  қалқан  етіп  ұстанды.

Қазан  төңкерісінен кейін  халықтар  достығын  ұрандатып шыққан  большевиктер  де Ресейдің  ұлы  державалық  саясатынан  түпкілікті түрде  қол  үзе  алмай, отаршылдық  саясаттың  мұрагеріне  айналып  кетті. Осы басты идеяны ұстанған КСРО  194 ұлт пен ұлыстан  тұратын этностарды  біртұтас Кеңес  халқына, яғни  орыс  халқы  деген  идеясын  кемелденген социализмді құру  заманында жүзеге  асыруға  бар  күшін  сала  кірісті. Қаражатты  да  аямай, көл-көсір етіп  төкті. Сөйте тұра, Ресей әлгі  қылықтарын  халықтарға  азаттық  әперушілік, өнер-білім  әкелушілік  ретінде  сипаттады. Адам  аузы бармайтын, қатыгездіктерге барған Ресей  өздерін  өркениет  дүниесін құтқарушылар ретінде  марапаттады.

Ол аз  болғанындай, ойлап  таппайтыны  жоқ Орталық  қазақ  даласын да «африкаландырып», әр  аймағын экономикалық жағынан көршілес республикалардың шектес  аймақтарына еріксіз  қосақтайтын, тұтастығын әлсіреткен үстіне  әлсірете түсу саясатын  қолға  алды  және  басқалардың  есесінен  сақилық жасайтын  бас  хатшылар  біреудің  қанжығасына  біреудің  атамекенін  лақша  өңгеріп  сыйлай  салатынды  көбейтті.

Бұл әдістердің  түрлері  сан-алуан  болғанымен, көздеген  мақсаты бір  еді. Өздерінің тарихи  қалыптасқан  этностық тұтастығынан  айырылып, бір-біріне жатсындырып, айдаладан келген  басқыншылар  өз  еріктерімен  бой  ұсынтып, тез  арада  өзді-өздерін  жатбауыр қылып, өзара жауықтырып  жіберу  еді. Қазақтардың  мінез-құлқы  да, тұрмыс-салты  да, жұмыс  істегендері  де, әрдайым  сыналып, үзбей  әжуаланып, олар  өздерінен өздері  ұялатындай  жағдайға  жеткізілді. Ұдайы  кемсітілді, мазаққа  ұшырады.

Отырса  опақ, тұрса  сопақ  делінді. Отаршылдық  идеология  мен  құлдық  сана  осылай  қалыптасты. Мұндайға  шыдай  алмай қырылғаны  қырылды. Қырылмағаны  жаппай  шет  елдерге  қашты, қашпағандары  ассимиляцияға  мәжбүрлі  көнді. Жер  аударылған  келімсектермен  ию-қию  араласып  бұрынғы  мінез-құлық  қазақ  ұлтына тән  адамгершілік қасиеттерден  жұрдай  болды, барлық  құнды  салт-дәстүрінен түгелдей  айырылды.

Одақтың экономикасының қара  қазанын  қайнатқан  кемелденген  социализм  заманында  мұндай  әлеуметтік  теңсіздік  қазақ  топырағында  елден  алабөтен  кең  орын  алғаны  ешкімге  құпия  сыр  емес.

Халықтарды  әдейі  қуғын-сүргінге  ұшыратып, қазақтың  кең  байтақ  жерін  пайдаланып  қалғысы  келген  Мәскеу  басшыларының  жоспары  жүзеге  аспай  қалды. Сөйтіп, талауға  түскен  мал, тонауға  түскен  қазына  байлық, тартып  алынған  ата  қоныс  пен шырайлы  жерлер  қайтарылған  жоқ. Кеңес  одағы 70 жыл бойы  Қазақстан  құрылысына көк  тиын  бөлмей, бөлген  күнде  де  жарымжан  завод  фабрикаларды  ұлғайтуға  жұмсады.

Осының  бәрін  ұмытса, расында бұл  қазақ егемендіктің  қадірін  білмегендігі, осыдан  сабақ  алмаса, расында  бұл  қазақ  ел  болмайтын  шығар? Өткенге  салауат  дей  берсек, тарихымызға  обал. Тарихы  бардың  жеңісі  де, жеңілісі  бар, ұтысы да  ұтылысы  да бар. Бұл  да  бөксеге басып  отырып  түбі  айтылуға  тиіс  ақиқат  еді. Себебі  кезінде ақиқатты  айтқанымыз  үшін  айыпты  болып, алдымыз атылып, артындағылар  итжеккенге айдалып, көмусіз  айдалада  шіріген.

Соның  салдарынан  тәуелділіктен  құтылып, замана  көшіне  дербес  ел  болып қосылған алғашқы  күннен  бастап, тәуелсіз  өмір  сүрудің  қалай  болатынын  және  оған  қалай  қол  жеткізу  керектігін  ел  болып ойласып, нақты шешкен, ортақ  мүддені  көздеген  ұлттық  бағдарламамыз  болмады. Қазақ  элитасы бұған  дейін  тәуелсіз  мемлекет  құрған  емес  еді.

Тәуелсіз  елміз  деп  шоқпар  алып  жүгіргендердің  бәрі  трагедиямен  аяқталғанын  өздеріңіз  көріп  отырсыздар. Біздің  басшылықтың  сақ  саясатының  арқасында  аман-есен  осы  күнге  жеткенімізге  шүкіршілік  етуіміз  керек.

Саналық  сілкініс  жасап, серги  алған  халық  қана  төңірегінде  не  болып  жатқанын бағдарлап,  бағалай  алады. Осыдан келіп, киелі  қарашаңырағымыз—Қазақстан  атты  үлкен  үйімізде  шынайы  түсіністік, жарасымды  үйлесім  орнайды. Халықтың  бірлігі, қазақтың  тұтастығы  дегеніміз де  міне  осы. Халық  деген—өзіміз. Өзіміз  өзгермесек, өмір  де  өзгермейді.

   «Жақсылық  көрсем  өзімнен,

   Жамандық  көрсем  өзімнен.

   Біреу  қылды  дегенді,

   Шығарамын  сөзімнен»--деген Сұлтанмахмұт Торайғырұлы. Сондықтан  осы  күнімізге  зар  болып  қалмау  үшін, көзге  ұрып  тұрған бар мен  жоқты  айту  парыз. Тәуелсіздік  алған Қазақстанда  мылқауға  тіл, момынға  тіс  бітті. Бұрынғыдай астарлап  емес  айқайлап  теңдік  сұрайтын  ашық  таластар  заманы  туды. 1990 жылдары  қиындықтарға  қарамастан, Тәуелсіз ел  болып, жоғалтқанымызды  түгендеп, етек-жеңімізді  жиып, кем-кетігімізді дұрыстау  оңайға  соқпады. Көрші  елдермен  шекарамызды айқындадық, экономикамызды  реформаладық, төл  теңгемізді шығардық. Ресейден  біржолата  қол  үзіп  өз  алдымызға  отау  тіктік.

1998 жылы Елбасының  басшылығымен  астананы Алматыдан Ақмолаға  көшірдік. Небары  20 жылда  Еуразия  кіндігіне мүлдем  жаңа  сипатты  заманауи қала - Астана  бой  көтерді. Астана  қазақ  ұлты  сан  ғасырлар  бойы  армандаған, қазақ  пассионарлығын паш  етті. Астана  ұлт  бойындағы  жасампаз  ұлы  дүмпудің  айғағы. Астана—айналасы  бір  ғасырдың  ішінде басынан  сан  қилы  өзгерісті өткізген Есілдің  бойындағы Тәуелсіздік символы десе әбден болады. ХХ ғасыр басында Ақмола өңірі қазақ  халқының көрнекті  өкілдерінің  тағдырлары бір  жерге тоғысқан аймаққа  айналды. Олар өмірлерін Отанға, халық мүддесіне қалтықсыз қызмет  етуге жұмсаған жандар  еді. Міне,  бүгін  сол  асыл  азаматтардың  армандары  орындалғанын  көріп  отырмыз.

Астана - мемлекетіміздің бас  қаласы және Отанымыздың жүрегі. Бүгінгі Астана - кешегі жасанды ассимиляцияның  орталығы, Кеңестік отарлау саясатының айырықша кіндігі  болған Целиноградтың келмеске кеткендігінің айғағы. Бүгінгі Астана - ғасырлар бойы сарғайып күткен ата-бабаларымыздың орталық болуын  көксеген  ағы мол, елі дархан, серілер  мекені  болған Ақмоланың   көсегесі  көгергендігінің көрінісі.

Қазақ  елі  Орталық  Азия  көшбасшысына  айналды. Тіптен, ТМД-да  алдыңғы  қатарлы  ел  атанды. 2010 жылы Еуропаның  қақ  төрінде  басшылық  ету ТМД елдерінің  ішінде  біреуіне де  бұйырмаған. Жүздеген тарихи  тұлғаларымыздың аруағы  ұлықталып, халқымен  қайта  қауышты. Жер  бетінде  шашылып  кеткен қазақпен  орта  толды  және мәдени  мұраларымыз жинала бастады.

Дүбірлі  төрткүл дүниені  шарлаған  Астананың  20 жылдығын бір  айдан соң  тойламақшымыз. Қазақтың  Астанасына біреулер  қызыға  қараса, енді  біреулер  құмарта  зер  салады.  Айналасы  20 жылдың  ішінде  көркемдігі  мен  кербездігін  бойына  жиған  қазақтың  Астанасына  бүкіл  әлем  көз  тікті. Қазақтың  тәуелсіз  ел  болатынына күмәнданған әлем  елдері  қазақтың  қолынан  іс  келетінін, қазақ та  өз шаруасына  тындырымды  екенін анық байқады  және  бағалады.

Астана  тойы қазақтың  рухын  көтеріп, ұлттың  ұлы  мұратын  асқақтата  түсетіні  сөзсіз. Алты   Алаштың  басын  біріктіріп  қана  қоймай, ел мен  елді  елдестіреді, өзге  ұлт  өкілдерінің  басын  да  бір  арнаға  тоғыстырады. Астананың  болашағы жарқын.                                                               

Жұмамұрат  Шәмші,                                                      

Тарих  ғылымдарының  кандидаты